Atameken Business медиахолдингінің бас директоры Қанат Сахариямен сұхбат.
Сіз қашан және қандай отбасында дүниеге келдіңіз?
Мен 1975 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы – Алматы қаласында дүниеге келдім. Әкем Зоотехникалық-малдәрігерлік институтында сабақ беруден бастады. Кейінірек Ауылшаруашылық және Зоотехникалық-малдәрігерлік институттары бірігіп, нәтижесінде Аграрлық университет құрылды, ол жерде әкем ұзақ уақыт бойы доцент, кейін Малдәрігерлік-санитарлық сараптама және гигиена кафедрасының профессоры болып жұмыс істеді. Кандидаттық диссертациясын ол Қазан қаласында қорғады, диссертациялық жұмыс құпия тақырыпта жазылған, әлі күнге дейін толық ашылмады. Анам №12 мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Бұл мектептегі жұмыс жолын ол пионер жетекшісі болып бастап, мектеп директоры болып аяқтады. Содан кейін ол ұзақ уақыт «Мирас» мәдени-ағарту орталығын басқарды. Анамның оқушылары Қазақстанның жан-жағына тарап кетсе де, онымен байланысын үзбей хабарласып тұрады. Анам үш баласын – мен, ағам және қарындасымды – бала кезден бастап ағылшын тіліне баулитын, бұл ересек өмірде бізге көп пайдасын тигізді.
Бәріңіз бір мектепте оқыдыңыздар ма?
Ағам мен қарындасым анам жұмыс істейтін мектепте оқыды, ол қазақ мектебі болатын. Ал мен физика-математикаға бейімделген орыс мектебінде оқыдым. Ол мектептің директоры Байер деген өте мықты физик кісі болды. Мәселенің бәрі балабақшада эксперименттік топ құрудан басталды. Оны ұйымдастырған адамдар нені анықтағысы келгенін білмеймін, бірақ біз балабақшадан бастап мектепте де он жыл бойы бір сыныпта оқуымыз керек еді. Бұл жоспарларына тарихи оқиғалар өз түзетулерін енгізді – қайта құру мен Кеңес Одағының күйреуі бұл экспериментті жоққа шығарды. Біздің сыныпта Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің балалары оқыды. Отыз оқушының тек бесеуі ғана қазақ болатын, ал 1991 жылдан кейін олардың жетпіс пайызы ата-аналарымен бірге бүкіл әлем бойынша тарап кетті. Географиялық жағдайға қарамастан, біз әлі де бір-бірімізбен хабарласып тұрамыз.
Әрі қарай не болды?
Тоғызыншы сыныптан кейін біз не физика-математика, не химия-биологиялық бағытты таңдауымыз керек болды. Ата-анамның айтуымен мен химия мен биологияны таңдадым, өйткені олар менің тіс дәрігері болғанымды қалады.
Бұл таңдау немен байланысты болды?
Совет Одағында тіс дәрігерлері бай-қуатты өмір сүреді деген ұғым болды. Ал менің ата-анам үшін ол кезде материалдық жағдай мәселелері бірінші орында тұрды. Өйткені олар қала орталығынан үш бөлмелі кооперативтік пәтер сатып алып, табыстарының елеулі бөлігін ай сайынғы төлемге жіберіп отырды. Ол кез үшін пәтеріміз керемет, үлкен болды – жалпы ауқымы 80 ш.м., екі жуынатын бөлмесі бар. Әкем мен анамның достары балаларын алып үйімізге жиі қонаққа келетін, ол жиындар әрқашан көңілді өтетін. Себебі достарының арасында тек біздің пәтерге бәрі еркін жайғаса алатын еді.
Отбасында екі ұл қатар өстіңіздер – қызығушылықтарыңыз бір болды ма?
Ағам нақты ғылымдар мен электротехникаға бейім болды, ол балконда әрдайым радионың бөлшектерін жинайтын. Сол жерде үнемі бірдеңе дәнекерлеп жататын. Мектептен кейін оны үздік оқушы ретінде Мәскеу энергетикалық институтына оқуға қабылдады. Отбасылық жағдайларға байланысты кейін ол үйге оралып, Алматы энергетика және байланыс университетінде оқуын аяқтады. Содан бері ол IT саласында жұмыс істейді. Мен гуманитарлық жаққа жақын болдым. Бірақ сонымен қатар айкидо және волейболмен белсене айналыстым.
Мектептің берген білімі жеткілікті болды ма, әлде қосымша оқыдыңыз ба?
15 жасымда мен мектепке аула сыпырушының көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Күн сайын, таңғы алтыдан бастап, мен мектептің төңірегін сыпырып, қыста қар тазаладым. Тапқан айлығым тұп-тура репетиторларға төлеуге жететін. Менің еңбек кітапшамдағы жұмыс туралы алғашқы жазба – аула сыпырушы лауазымы. Мен ата-анам армандағандай медициналық институттың стоматология мамандығына оқуға түстім. Кеңес Одағынан кейінгі кеңістіктің көптеген тұрғындары үшін сияқты біздің отбасымыз үшін де 1991 жылдың аяғы, 1992 жылдың басы өте қиын болды. Пияз куырып жеп, минтайдың арқасын деликатес санаған, ал кір сабынмен басымызды да, ыдыс-аяқты да, кірді де жуған кезіміз болды. Бірінші курста оқып жүріп мен Алматыда кореялық кәсіпкерлер ашқан валюталық казиноға дилер болып орналастым. Спорттан кетуге тура келді. Сол жерде бір жыл жұмыс істеп, мен өмір сүруге де, үйлену тойын жасауға да жететін қаражат жинадым. Тіпті аздап артылды. Мен қалыңдығыммен 15 жастан бері таныс болдым. Үшінші курс оқып жүргенде ұлым дүниеге келді, ал мен мейрамханаға даяшы болып жұмысқа тұрдым. Біраз уақыттан соң мені метрдотель қызметіне көтерді, осылай мен тағы оқуды бітіргенге дейін екі жарым жылдай жұмыс істедім. Мейрамханада тапқан табысымызға пәтер сатып алдық. Бір жарым бөлмелі пәтеріміз «хрущёвка» деп ел арасында аталатын ескі үйде орналасқан еді.
Институтты қашан аяқтадыңыз?
1997 жылы. Мемлекеттік мекемелерде бос жұмыс орындары болған жоқ, ескі кадрлардың өзі әрең күн көріп жүрді. Жеке клиникалар енді ашыла бастаған, бірақ олар адам шошитындай қымбат болды. Ол жерлерде мықты мамандар жұмыс істеді. Әйтеуір бір жерге орналасу үшін ординатурадан өту керек болды. Қаражат қажет болғандықтан мен олай істей алмадым да, «Медеу» компаниясына сақтандыру агенті ретінде жұмысқа орналастым. Бір жылдан кейін ол жұмыстан шықтым. Әрі қарай, «Дүйсенбіге аман жетейік» фильміндегідей асханада да жұмыс істедім, нан сататын дүкеннің жанында машиналардың терезелерін де жудым, газет те саттым. Осы уақыт ішінде мен ағылшын тілін білетіндігімді қолдана алатын жұмыс іздедім – анамның арқасында менің базалық деңгейім өте жоғары болды. 1998 жылы сәті түсіп, жапондық «Кавасаки» корпорациясының «Кавашо» сауда үйіне жұмысқа тұрдым. Ағылшын тілін жақсы білуіммен қатар медициналық білімімнің арқасында бұл мүмкіндікке ие болғанымды кейінірек білдім.
Ағылшын тілімен бәрі түсінікті, ал дәрігер дипломының қандай қатысы бар?
Компанияда жұмыс істеп жүріп мен жапон қызметкерлерінен жапон мәдениеті мен тілін үйрендім. Осындай әңгімелердің бірінде олар Жапонияда медициналық білімі бар адам жоғары интеллектуалды тұлға деп саналатындығын атап өтті. Бірнеше жылдан кейін бастаған ісімді аяқтап, 2011 жылы екі жылдық жапон тілі курсын бітіріп шықтым.
Сізді қандай қызметке алды?
Мен бас өкіл Мачида-санның көмекшісі болдым. Жапондық жұмысты ұйымдастыру жүйесінде мол тәжірибе жинадым: тәртіп, жауапкершілік, тиянақтылық, мәселелерді шешу. Бірде біздің әріптесіміз Ишида-сан маған жан басына шаққандағы Жапония мен Қазақстандағы ЖІӨ бойынша статистиканы көрсетті – Қазақстанда шамамен бір жарым мың доллар (халық саны 16 миллион адам), ал Жапонияда отыз мың доллар (180 миллион адам). Бұл жағдай менің ызамды келтірді. Дәл осы уақытта менде Қазақстанның үлкен компаниясында жұмыс істеп, еліміздің дамуына үлес қосуға деген үлкен ниет пайда болды.
Келесі қадамыңыз қандай болды?
Мен тіс дәрігері болып жұмыс істемейтінімді түсініп, тағы бір жоғары білім алуды ойладым. Қазіргі жағдайда өз қабілетімді іске асыруға мүмкіндік беретін, мысалы, экономика немесе құқық салаларында. Мен табиғатымнан перфекционист және гуманитариймын, сондықтан 1999 жылы Қазақ заң институтына сырттай оқуға түстім. Екі жылдан соң, мемлекеттік емтихандарды тапсыратын уақыт келгенде, жұмыстан шығуға мәжбүр болдым. Компания басшылығы мені жұмыстан жиі және ұзақ уақытқа босатқысы келмеді, сонымен бірге өзіме де емтихан тапсырып, дипломмен жұмыс жазу мен қызметтік міндеттермен қатар алып жүру өте қиын болды. Институтты «қызыл» дипломмен бітірдім.
Жұмысты қалай таптыңыз?
Таныстарым арқылы «Хабар» агенттігіне ағылшын тілін білетін заңгер қажет екендігі туралы білдім. Тағдыр маған оң көзімен қарады. Жұмыс іздеушілердің бәрі байсалды болып көрінді, бірақ ағылшын тілінен тестті мен ең жылдам тапсырдым. Жапондық корпорацияда болған кезімде ағылшын тілін едәуір жетілдірдім, заңдық және техникалық терминологияны жетік білдім. Мені заң тәжірибесінің жетіспеушілігі және дипломымды ресми түрде бір айдан кейін алатындығым мазалады. Бірақ сұхбат сәтті өтіп, 2001 жылы мен «Хабардағы» жұмысымды екінші заңгер болып бастадым.
Екінші заңгердің міндеттері қандай болды?
Ол кезде агенттікте лицензиялау құқығын алуға байланысты мәмілелер бойынша бірнеше ірі келісім-шарт жасалып жатты. Олимпиада ойындары, футбол чемпионаттары мен басқа да шетелдік телевизиялық өнімдері бойынша.
Жұмыс жолыңыз әрі қарай қалай жалғасты?
Басында жарты жыл «жас жауынгер курсынан» өттім, бұл кезеңді басқаша атай алмайсың. Аз уақыт ішінде аға заңгердің басшылығымен институтта алған білімімді іс жүзінде қолдануды үйренуіме тура келді. Бір жарым-екі жылдан кейін ол кісі жұмыстан шығып, мен жалғыз қалдым. Одан кейін кешенді аудит жүріп, оны институттағы оқытушыларымның бірі, мықты заңгер Дмитрий Братусь басқарды. «Хабар» басшылығы маған көмекке басқа ірі компаниялардан екі заңгер шақырды. Тексеру жүрген жарты жыл бойы мен күндіз-түні жұмыс істедім. Бұл маған баға жетпес тәжірибе жинап, кәсіби деңгейімді көтеруге мүмкіндік берді. Осыдан кейін мені заң бөлімінің бастығы қылып тағайындады. Сәлден соң бұған корпоративтік хатшы қызметі қосылды.
Екі қызметті қатар орындап отырдыңыз ба сонда?
Мен өзімнің негізгі міндеттеріммен қатар акционерлер жиналыстарын, директорлар кеңестерін және басқа да жиындардың құқықтық жағын қамтамасыз етіп жүрдім 2006 жылы маған Жоғарғы Сот судьясының көмекшісі қызметіне ауысу туралы ұсыныс жасады. Жас заңгер үшін бұл өте жағымды ұсыныс еді. Осы кезде «Хабар» басшылығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тұруды ұсынды. Мен өз командамды тастап кеткім келмеді, сондықтан басшылықтың ұсынысын қабылдадым. Алғашында маған жаңа жұмыс режиміне ауысу қиынға түсті. Біріншіден, басшылықтың менен не күткенін түсінбедім; екіншіден, мерзімдер өзгерді. Заңгер болып істегенде, мен қысқа мерзімдерге үйреніп қалғанмын –келісім-шартты дайындайсың, тапсырасың, яғни жұмыс мерзімі апта немесе аймен есептелді. Мұнда мүлдем басқаша. Менеджерлер жұмысын «бес жылдық» мерзіммен есептейді екен.
Таңдауыңыздан көңіліңіз қалды ма?
Керісінше, бұл менің өзімді жетілдіруге және кәсіби өсуге деген қажеттілігімді қанағаттандырды. Алматыдағы Халықаралық бизнес академиясы француздармен бірлескен Executive MBA білім беру бағдарламасы туралы келісімге қол қойды. Ол жерде оқуды аяқтағаннан кейін, мен 2008 жылы ағылшын тілінде HR бойынша диссертация қорғадым. Францияның Жоғары сауда мектебі және Қазақстанның Халықаралық бизнес академиясының сертификаттарын алдым. Оқудың бірінші жылынан кейін мен нағыз менеджмент деген не екенін түсіне бастадым. Академияға келгенге дейін мен заң ғылымына ынтық едім, соттардағы пікірталастар ұнайтын. Мен Ресей және Кеңес үкіметінің ұлы заңгерлерінің сөздерін зерттедім. Енді сондай ынтамен басқару алгоритмі саласына кіріп кеттім, өйткені бұл да бір өнер болып көрінді. Кейінірек, мен заң жобаларын дайындау бойынша біздің Парламенттің жұмыс топтарына қатысқан кезде, маған заңды түрде нақты келтірілген тұжырымдалармен жұмыс істеу әлі де ұнайтынын байқадым.
Жұмыс пен оқуды қатар алып жүру қиын ғой, басшылығыңыз қолдау көрсетті ме?
Менің бастығым Гүлнар Мұстақымқызы Ықсанова білім деңгейімді арттыруға деген ұмтылысымды қолдап қана қойған жоқ, ол мамандықтың ерекшеліктерімен және қыр-сырымен, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Менің медиа-менеджер ретінде қалыптасуымда Гүлнар Мұстақымқызы маңызды рөл атқарды. Менің оған айтар алғысым шексіз.
Сіз қашан және неге Астанаға көшіп келдіңіз?
Президентпен болған кездесулердің бірінде қазақстандық журналистер материалдық-техникалық базаның әлсіздігіне шағымданды. Н.Ә.Назарбаев саяси ерік-жігерін көрсете отырып, «Қазақстан темір жолы» корпорациясына заманауи әлемдік стандарттарға сай және сондай техникалық жабдықтармен қамтылған «Қазмедиа орталығы» салу үшін қаражат бөлуді тапсырды. Сондықтан, 2007 жылдан бастап көптеген телекомпаниялар, олардың ішінде «Хабар» агенттігі де, кеңселерін Астанаға көшіре бастады. Сол уақытта басқару функцияларын уақытша бөлу туралы келісім жасалды. Директорлар кеңесінің төрағасы Г.М. Ықсанованың отбасы Алматыда тұрды және көшіп-қону олар үшін өте қолайсыз болды. Менің жас отбасым икемдірек болды. Осы себептерге байланысты Гүлнара Мұстақымқызы Алматыда басқарып қалды да, мен отбасыммен Астанаға көшіп келдім.
Астанада отбасыңызға пәтер берді ме?
Бірнеше ай бойы агенттік пәтердің жалдау ақысын төледі. Осы уақыт ішінде біз Алматыдағы үйімізді, әйелімнің бизнесін сатып, Астанадан пәтер сатып алдық.
Бұл үлкен құрылыс қалай басталды?
ҚТЖ құрылыстың мердігері болды. Техникалық бөлігін «Акфа» түрік компаниясы, «Хабар» агенттігі және «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрды. Бас директорын ҚТЖ компаниясының өкілін сайлап медиа орталықтың құрылысын басқаратын компания құрды, ал 2011 жылы директорлар кеңесін маған басқаруды ұсынды. «Акфа» өз кезегінде «тапсырыс беруші – орындаушы» жүйесіндегі өзара әрекеттесуді жақсарту мақсатында телевизиялық жүйелер шебері Богусевич Владислав Леонидовичті шақырды. Біздің компанияның міндеті қазақстандық телерадио хабарларын тарату компанияларынан ақпарат жинау болды. Олар өздерінің техникалық жабдықталуы, орналастыру алаңдары туралы сұраныстарын берді. Біз бұл ақпаратты жинақтап Владислав Леонидовичке жібердік. Ол алынған мәліметтерді белгілі бір параметрлер бойынша іріктеп, тікелей мердігерге берді.
Бұл сіздің жұмысыңызға қалай әсер етті?
Құрылыс аяқталуға жақын қалған кезде «Қазмедиа орталығы» АҚ-ның болашағы туралы пікірімді білдіру үшін мен Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, Ақпарат министрі, Ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы деңгейінде бірнеше кездесу өткіздім. Кездесулер кезінде мен әрдайым осы медиа орталықты басқару туралы ұсыныс естідім. Бұл таңқаларлық жағдай емес, өйткені мен оның іргетасы қаланып бастаған кезінен тікелей қатысқанмын. Әрине, мен үшін бұл үлкен мәртебе дедім. 2012 жылдың көктемінде Премьер-министр деңгейінде менің медиа-орталықтың бас директоры болып тағайындалуым туралы жоғары шешім қабылданды. Бұл менің екінші жеке жетістігім. Біріншісі – «Хабар» агенттігіне жұмысқа тұруым болды. Менің жапондық компанияда жұмыс әстеп жүрген кездегі арманым орындала бастады. Не істесем де тиянақты істеуге тырысатын әдетімнің арқасында кәсіби деңгейімді көтеруге талпындым. Ресей халық шаруашылығы академиясының DBA бағдарламасына оқуға түсіп, төрт жылдан кейін «Интернет және теледидар» тақырыбында докторлық диссертация қорғадым. Оқуға қырық мың долларға жуық қаражат жұмсау керек болды, бірақ ол есесімен нәтиже берді.
Қандай міндеттерді атқару керек болды?
Магистратурада және докторантурада алған білім, бірінші басшы ретіндегі тәжірибем маған барлық идеяларымды жүзеге асыруға көмектеседі деп түсіндім. «Қазмедиа орталығы» – бұл барлық мемлекеттік телекомпаниялардың аутсорсингтегі техникалық дирекциялары сияқты аспектілерді біріктіретін бірегей нысан. Бұл жеке тұрған ауқымды ғимарат – технологиялық кешен – және мұның бәрі бір үлкен компьютер сияқты, мұндағы бір ақаулық көптеген жүйелерді бұзуы мүмкін. Менің міндеттерімнің бірі, онда жұмыс істейтін барлық компанияларды бес жұлдызды қонақүй деңгейінде жайлылықпен қамтамасыз ету қажет деп ойладым. Адамдар медиа орталыққа келгенде, әкімшілік, бюрократиялық кідірістерсіз өздерін жайлы жұмыс жағдайында сезіну үшін. Олардың шығармашылық жұмыстан шынымен ләззат алуы үшін. Екінші маңызды аспект – бұл кешеннің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техникалық қолдау құру.
Мамандарды қайдан және қалай таптыңыз?
«Хабар», «Қазақстан», «Евразия» 1 арнасының штат кестесі қайта қаралып, нәтижесінде режиссерлар, монтаж инженерлері мен операторлар «Қазмедиа орталығы» құрамына өтті. Бұл ақылға қонымды, өйткені бүкіл техникалық кешен орталыққа тиесілі. Медиа орталықпен өзара әрекеттесуге жауапты кейбір мамандар мен жеке операторлар телекомпаниялардың штатында қалды. 2012 жылы біз техникалық мамандардың құзыреттілігі сияқты маңызды кезеңге жеттік. Мұнда біз мынаны байқадық: түрік компаниясы Қазақстанда медиа орталықта жұмыс істейтін техникалық мамандар жоқ деп мәлімдеді. Сондықтан ол өзінің қызметтері мен техникалық мамандарын ұсынып, екі жыл бойы медиа-орталықта жұмыс істеуге дайын екендігін айтты. Содан кейін тағы екі жыл бойы біздің техникалық мамандарды дайындаймыз деді. Олардың бұл сыпайы ишараты бізге өте қымбатқа түсті, жылына отыз миллион долларға жуық соманы құрады.
Түсінуімше, идея сізге ұнамады ғой?
Бұл жөнінде біз техникалық кадрларымызды өзіміз дамытуымыз керек деген менің үзілді-кесілді ұстанымым болды. Әйтпесе, мұндай «көмек» ұзаққа созылуы мүмкін. Бұл бизнес. Бизнесмен жылына отыз миллион доллардан бас тартады деп қалай үміттенуге болады. Сондықтан мен үшін медиа кешенді қазақстандық мамандар басқаруы өте маңызды болды. Ақпарат министрі Дархан Қамзабекұлы Мыңбайдың мықты саяси ерік-жігерінің арқасында қазақстандық мамандарды оқыту бағдарламасы қабылданды. 2012 жылдың көктем-жаз айларында біз «технарьларымызды» кезең-кезеңімен оқыттық. Бірінші топ Санкт-Петербургте оқып келді, келесі топтарға Франция мен Канададан мамандар шақырдық. Сонымен бірге біз кешеннің пайдалануға берілуіне қызу дайындық үстінде едік. «Акфа»-мен келісімшарт аяқталғаннан кейін «Қазмедиа орталығына» В.Л.Богусевич келді.
Бірінші эфир қашан болды?
Жоспар бойынша – 2012 жылдың 1-қыркүйегінде. Танымал «Хабар», «Қазақстан», «Еуразия» 1-арнасымен қатар жаңа «24.KZ» және «Білім мен мәдениет» телеарналары, сәл кейінірек балаларға арналған «Балапан» арнасы эфирге шықты.
Осы кезеңде ең маңызды не болды деп ойлайсыз?
Біріншіден, барлық жүйелердің интеграциясы. Владислав Леонидович екеуміз мұны бір жыл бойы жасадық. Біз инженерлік-техникалық персоналдың жұмысында тәртіп пен тұрақтылыққа қол жеткіздік. Екіншіден, адамдар арасындағы қарым-қатынасты құру қажет болды. «Хабар», «Қазақстан», «Еуразия» 1-арнасы, «Орталық коммуникациялар қызметі», «Мир» – бір сәтте бір ғимаратта көрші болған бес толыққанды компания. Үшіншіден, бизнес-процестер арасында байланыс орнату, өйткені әркімнің өзінің, әбден орныққан процестері бар. Мен үш жылдың ішінде осы міндеттерді шеше алдым деп ойлаймын, өйткені олар содан бері үйлесімді жұмыс істеп келеді.
Алдыңызда тағы қандай міндеттер тұрды?
Тағы бір үлкен проблемаға тап болдық – жабдықтардың тозуы бойынша ғана бір жарым миллиард шығынды құрайтын пайдасыздық – бірақ оның да шешімін таптық. Қаржы директоры екуміздің бұл міселенің себептері туралы өз болжамдарымыз болған, бірақ бұл ресми тұлғалармен нақты сөйлесу үшін жеткіліксіз. Сондықтан біз Ernst & Young және PreicewaterhouseCoopers көмпанияларын тәуелсіз аудит жүргізуге шақырдық. Осындай тексеру мен мұндай жағдайда міндетті түрде өтетін барлық министрліктер мен ведомстволардың келісу жұмыстарынан кейін бақылау кеңесінің отырысын өткіздік. Есеп саясатын өзгертудің арқасында шығындарды біртіндеп азайтуға ғана емес, үш жылдан кейін 500 теңгені құрайтын алғашқы пайданы көрдік. Бұл, бір қарағанда, күлкілі сома өте маңызды нәтиженің көрінісі – біз «Қазмедиа орталығы» коммерциялық қызметінің пайдасыздығын жойдық.
Осындай нәтижелерге қол жеткізіп алып, неліктен кетіп қалдыңыз?
Мен бұл жобаға қатысқан себебім – оның ерекшелігі. Сонымен қатар, мен барлық процестер реттелген соң шамамен бес жылдың ішінде бұл жұмыс маған қызық болмай қалатындығын білдім. Мен телеарнаның жетекшісі болуды армандадым, өйткені телеарна дегеніміз – бұл шығармашылық, продакшн, телевизиялық өндіріс, ақпараттық ықпал. Мені ақпараттық ағындарды қалыптастыру процесі қызықтырды. Сондықтан маған өте жақсы тарихы және жақсы шығармашылық тобы бар КТК телеарнасын басқаруға ұсыныс жасаған кезде, мен өзімді әрқашан қызықтыратын позицияға ауысуға мүмкіндікті жібермедім. Мұнда мен зор ресурспен және мықты командамен жұмыс істеудің мол тәжірибесін алдым.
Қандай жетістікке қол жеткіздіңіз?
Бас директор ретінде маған телеарнаның ақпараттық қызметі және Digital-ресурстар қарасты болды: бұл «KTK.kz»-тің өзі, «Gazeta.kz», «Lenta.kz». Мен осыларға басты назар аудардым. Телехикаяларды сатып алу мен бағдарламалар шығарумен басқа шығармашылық адамдар айналысты. Ағымдағы жағдайды талдау Digital- ресурстардың рейтингтік көрсеткіштерінің төмен екендігін көрсетті. Мысалы, КТК-ның «Жаңалықтары» әрқашан алдыңға қатарда болды, рейтинг бойынша бәрінен озып келді. Біздің жасаған әрекеттеріміздің нәтижесінде «Gazeta.kz»-ті рейтингтегі 72-орыннан 30-орынға көтере алдық, «KTK.kz» 36-орыннан алғашқы ондыққа енді.
Әрі қарай не болды?
2016 жылдың соңында акционерлер жиналысының шешімімен мен қызметімді босатып, Астанаға оралдым. Мені Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директор қызметіне шақырды. Ал 2018 жылдың басында Atameken Business медиахолдингінің бас директоры болып тағайындалдым. Ол аттас іскери телеарнадан және «inbusiness.kz» ақпараттық порталынан тұрады, хабар таратудың негізгі бағыты – бизнес тақырыбы.
Мұндай ресурсты құру идеясы қалай пайда болды?
Телеарна мен портал құру идеясы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевқа тиесілі. Іс-шараларға шақырылған журналистердің іскерлік, экономикалық күн тәртібінен хабарсыз және болып жатқан оқиғаның мәнін толыққанды дұрыс, анық және аналитикалық түрде ұсына алмайтындығын көрген кезде осы ой пайда болды. Өз бағдарламаларымызды жасау немесе терминологияны білетін және экономикалық ақпаратты аналитикалық түрде ұсына алатын іскер журналистер пулын қалыптастыру туралы ойлар болды. Барлық идеялардың квинтэссенциясы акционерлердің гранттары мен коммерциялық жарнамадан түсетін кірістер есебінен Atameken Business бизнес-ресурсын құру болды.
Алдыңызда қандай мақсат пен міндеттер бар?
Бізде ойын-сауық бағдарламалары жоқ, өйткені біздің міндетіміз – кәсіпкерлерімізге пайдалы ақпарат беру, қаржы және экономика, бизнестің сәттілік тарихы туралы айту. Іскерлік жаңалықтар арнаның өзегі болып табылады. Жалпы, біз кәсіпкерлерге пайдалы ақпарат алуға, сондай-ақ олардың мүдделерін қорғауға көмектесетін тақырыптарға назар аударамыз. Бизнеске неғұрлым ұтымды көзқарас қалыптастыруға, жаңа кәсіп құру туралы идея алуға мүмкіндік беретін контент жасаймыз. Біз аудиторияны қоғамдық және саяси жаңалықтар арқылы кеңейтеміз. Шындығына келсек, Қазақстан халықының екі пайызы ғана кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл туралы мен ұзақ уақыт айта аламын, өйткені біздің команда сияқты мен де жұмысымызды мақтан тұтамын. Бұл жобаның өзіндік миссиясы бар. Біз бастапқы міндеттерді ұстануға тырысамыз және идеяның тектілігі елімізде белсенді азаматтық ұстанымдары бар, жауапты адамдардан тұратын кәсіпкерлер қауымдастығын құру.
Қандай нәрселерге қол жеткізіп үлгердіңіздер?
Қазіргі кезеңде мен іскер журналистердің мықты пулын құруды басты жетістік деп санаймын. Мен әрдайым жанымда ниеттес адамдардан тұрақты команда құруға тырысамын, алға қойған мақсаттарға жететін контент жасауға баса назар аударамын. Біздің сайт бизнес-порталдар арасында алға шықты. Біз жаңа технологияларды үнемі енгізуге тырысамыз. Мысалы, біз iSanj виртуалды жүргізушісін іске қостық, ол күнделікті эфирге шығады. Ерекше мақтанышымыз, өйткені бұл отандық IT-мамандарының өнімі. Сонымен қатар, акционерлер біздің ғимаратта бірнеше локациядан тұратын, ауқымы үш жүз шаршы метрге жуық жаңа заманауи студияның құрылысын төлеп, бізге керемет сыйлық жасады. Студия осы жылдың 1 маусымында іске қосылды.
Жұмыстағы басты жетістігіңіз?
Медиа орталықты құру, өйткені ол біз басынан бастап құрған өндірістік, техникалық және қонақ үй қызметтерін біріктірген бірегей кешен. Бұл үлкен күш, уақыт пен жүйке жұмсаған өршіл, күрделі жоба. Ең бастысы, ол сәтті болып шықты, өйткені ол әлі де жұмыс істейді. Екіншісі – Atameken Business, оның салалық бағыты мен аса күрделілігін ескеру керек. Оны сәтті іске қосылуының маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес жіне біз жаңа даму жолдарын іздеудеміз.
Жұмыстан тыс өміріңіз қалай құралды?
Ата-анам зейнетке шықты. Қарындасым үш қызымен аспаздық бизнесті табысты жүргізіп келеді. Ұлым заң университетін бітіріп, халықаралық заң фирмасында жұмыс істейді. Ол үйленді, немерем мамыр айында бір жасқа толды. Олардың бәрі Алматыда тұрады. Үлкен ағасм отбасымен Венада тұрады, компьютерлермен, әкімшілік жүйелерімен айналысады. Әйелім – мамандығы бойынша дәрігер. Біз Астанаға көшіп келгенімізде, ол өзінің медициналық практикасын қалдырып, бірнеше дүкен ашты. Ол өте белсенді дамып келеді – дәріханалар желісі, бутиктері және т.б. бар. Қызым, ол биыл 18-ге келеді, Жапониядағы халықаралық колледжге грантқа оқуға түсті. 2019-жылы БАҚ оның экологиялық мәселелер жөніндегі қызметіне назар аударды және экологиялық мәселелермен айналысатын компанияға жұмысқа шақырды. Сонымен қатар ол режиссура, монтаж, видеоға қызығады.